CaspianLife, 10 тамыз — Атырауда жұмысқа орналастырып беремін деп 40 адамды алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қаңтар-наурыз айларында тұрғындарды жұмысқа орналастырып беремін деп алдап, қомақты ақша қаражатын жымқырған 35 жастағы күдіктіні анықтады. Күдікті тұрғындарды ірі мұнай компанияларына жұмысқа орналастырамын деп әр адамнан 100-150 мың теңге көлемінде ақша қаражатын алып отырған. Нәтижесінде 40-қа жуық қала тұрғынынан 4 млн-ға жуық теңгені алаяқтық жолмен жинаған.
Аталған факті бойынша 35 жастағы күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізілді. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толықтай мойындап уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, 40 эпизодты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Фото: Caspian Today