CaspianLife, 19 шілде – Атырауда сот құны 6 миллиард теңгеге жуықтайтын медициналық орталықтың құрылысын тоқтатты деп хабарлайды caspianlife.kz.
Қазір нысан жартылай салынған күйі қала ортасында қаңырап тұр. 2019 жылы бұрынғы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының орнында басталған ғимараттың құрылысы 2020 жылы аяқталуы тиіс еді. Жобаны жеке инвестор және «Атырау» кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе салатын боп келіскен. Бірақ, шаруа тым жақсы қарқынмен басталғанмен, көпке ұзамай мүлде тоқтады. Соттың құрылыс жұмыстарын тоқтатуына жер учаскесінің мақсатты түрде пайдаланылмауы себеп болыпты. Енді Атырау кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы жұмысты жалғастыру үшін қала әкімінен телімді пайдалану мақсатын өзгертуді сұрап отыр.
«Атырау ӘКК» негізгі үлесі 48 пайызды құрайды. Яғни біз жер учаскесін берген едік. Енді қазір құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Өйткені сот шешімі бойынша бұл жерді 5 жылға дейін қолдануға болмайды», — деді «Атырау ӘКК» АҚ баспасөз хатшысы Гүлнәр Кәрімжан.
Жоба бойынша мына ғимаратта психикалық жағынан ауытқуы бар және мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеп, оларға медициналық, психологиялық, педагогикалық және өзге де кешенді кәсіби қызмет көрсетіледі деп жоспарланған.