Бүгін сағат 15:00 шамасында Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолында жол апатынан 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды CaspianLife.
Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 82 шақырым тұсында маркасы Chevrolet Cobalt автокөлігі қарсы бағытта келе жатқан Toyota Ipsum автокөлігіне соқтығысқан. Соққы салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі мен 1 жолаушысы оқиға орнында қаза тауып, 2 жолаушысы түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта полиция департаменті тиісті іс-құжаттарды жинақтауда.
“Құрметті тұрғындар, көлік жүргізушілері, жолаушылар! Жол апатының арты ауыр зардаптарға әкеп соқтырады! Өзіңіздің және өзгенің өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарамаңыз! Аталған екі автокөліктің жүргізушілері бұрын бірнеше рет көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды” — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік ротасының командирі полиция капитаны Әділбек Шахметов.