CaspianLife, 14 маусым — Маңғыстау облысындағы арнайы экономикалық аймағы мүшелерінің саны артты. Нақтырақ айтқанда, енді «Ақтау» теңіз-сауда, «Баутино» және «Құрық» порты енді экономикалық аймақтың құрамында жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Caspian Life.
Бұл өңірге инвестицияны молынан тартып, ең ірі халықаралық көлік бекеттерінің бірін құруға ықпал етпек.
«Қазір біз «Ақтау теңіз сауда портына» 19 гектар жер телімін бердік. Қазір порт тарапынан тиісті инвесторлармен өзара қатынастар жүріп жатыр. Ал, «Құрық» порты тарапынан дла құрылыс жұмыстары өзара инвесторлармен жұмыстанып жатыр», — дейді «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бағлан Кеңбейілов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай «Ақтау теңіз портында» контейнерлік хаб құрылмақ. Қазіргі уақытта аталған порттың өткізу қабілеті жылына 70 мың контейнер. Ал хаб құрылғаннан кейін бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін жетпек.
Контейнерлік хаб 19 гектар жерге салынады. Кезеңдеріне байланысты 100-350 адам жұмыспен қамтылады. Хаб қосымша қызметтер – контейнерлерді өлшеу, сақтау, жөндеу және сертификаттауды қамтамасыз ететін болады. Құрылыс жұмыстары инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны 22 млрд теңгеге жуық.
Фото: almaty.kz