CaspianLife, 2 маусым – Астанада Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен брифинг өтті, — деп хабарлайды сaspianlife.kz. Аймақ басшысы журналистерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Қазіргі кезде маңғаз Маңғыстау инвесторлардың қызығушылығын тудыруда. Өткен жылы жалпы сомасы 25 миллиард теңге болатын 15 инвестжоба жүзеге асырылып, 600 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде алтауы өңдеу өндірісіне, төртеуі ауыл шаруашылығы және туризмге қатысты болса, бесеуі әлеуметтік жоба. Ал биыл Маңғыстау облысында ірі үш инвестжоба қолға алынғалы тұр. Нақты айтқанда Ресейдің Лукойлы мен өзіміздің Қазмұнайгаз бірлесіп, Каспий теңізіндегі «Қаламқас-Теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кен орындарын игермекші. Осы жобаны жүзеге асыру кезінде 2000 адам еңбекпен қамтылмақ. Оның 500-і тұрақты жұмыс жасайды. Тағы бір жоба – құрыш құю зауытының құрылысы 2024-2026 жылдар аралығында жүргізілмек. Үшінші ірі жоба – Svevind швед-неміс компаниясына тиесілі. «Жасыл сутегі» деп аталады. Құны 50 млрд доллар. Жылына 40 гигаватт электр энергиясын және 2 миллион тонна «жасыл сутегі» өндірілмекші. Жоба 2032-ші жылға қарай аяқталады деген жоспар бар. Іске қосылғаннан кейін 1800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Болашақ мамандар да сол жерде дайындалмақ.