CaspianLife, 5 мамыр – «Атырауда білім саласындағы сыбайлас жемқорлық азайып келеді. Дегенмен, мүлде жойылмай тұр», -деп хабарлайды сaspianlife.kz. Мұны Аманат партиясының облыстық филиалында өткен жиналыста білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова осылай деп мәлімдеді. 2020-2023 жылдар аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері өңірде білім саласында 14 жемқорлық фактісін анықтапты. Оның басым көпшілігі парақорлық пен өз құзыретін теріс пайдалану бойынша. Алайда, 14 істің тек біреуінде ғана күдіктінің бас бостандығы шектелсе, қалғандары жеңіл жазамен құтылған. Облыстағы экономикалық тергеп-тексеру департаменті де соңғы 4 жылда осы салаға қатысты 6 қылмыстық істі тергеген. Алайда оның барлығы сотқа жетпей, қысқарған. Ал, Атырау облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаменті 2020-2023 жылдары 23 қаржылық қылмыстық істі анықтапты. Білім саласындағы осындай заңсыздық басшылықтың немқұрайлығынан болып отыр дейді басқарма басшылығы. Және мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмысты жасап жатқандарын айтады. Алайда, олардың нәтижесіз болуына жемқорлыққа қатысы бар адамдардың жазасыз қалуы әсер етіп отырған көрінеді.