CaspianLife, 25 сәуір – Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады деп хабарлайды сaspianlife.kz. Ulysmedia.kz. cайтына сілтеме жасап.
Прокурор Азамат Сәрсембаев соттан Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі ,28-бабының 3-бөлігі және 125-бабының 2-бөлігінің 1 және 8-тармақтары бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп тануын сұрады.
«Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі бойынша – мүлкін тәркілеусіз 6 жыл, ҚК 28-бабының 3-бөлігі бойынша – 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жеңілдетілген жазаны неғұрлым ауыр жазамен сіңіре отырып, Сатыбалдыны мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», — деп қорытындылады прокурор.
14 наурызда Астанада Байқоңыр ауданының №2 сотында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталған еді. 21 сәуір күні өткен сот отырысында Гүлмира Сатыбалды өз кінәсін ішінара мойындайтынын айтқан. Үйіне босату үшін келтірілген шығынды да өтеп беруге дайын екенін жеткізген. Гүлмира Сатыбалды адам ұрлады және озбырлық жасады деп айыпталып отыр.