CaspianLife, 19 сәуір — «Атырау-2» волейбол командасы Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды CaspianLife.
Волейболдан 23 жасқа дейінгі ерлер командалары арасында өткен ел чемпионатында «Атырау-2» құрамасы 35 ойынның отызында жеңіске жетті. Тараз қаласында өткен жоғары лиганың қорытынды ойынына 8 команда қатысып, бақ сынаған.
«Чемпионат өте жақсы деңгейде өтті. Біз үшін нәтижелі жарыстың бірі болды. Волейболшыларымыз жарады. Облыс басшыларына, спорт және дене шынықтыру басқармасына, клуб әкімшілігіне және үздік нәтиже көрсеткен жастарға алғысым шексіз» — деді «Атырау-2» волейбол командасының аға жаттықтырушысы Юрий Лабецкий.
Чемпионат барысында Атыраудың намысын 14 спортшы қорғады. Олардың арасында кейбірі «үздік ойыншы» атанды. Нұрасыл Жамбылов осы атаққа үшінші мәрте ие болды.
«Шыны керек Тараз, Өскемен командаларымен өткен ойын қиын болды. Басында 2 партия ұтылып жатып, 3 партия ұтып, +жеңіске жеттік. Бар характерімізді көрсетіп, бар күшімізді салып, бір жыл еңбегімізді көрсетіп, сол команданы ұтқанның арқасында чемпион болдық» — деді үздік ойыншы Нұрасыл Жамбылов.
«Атырау-2» волейбол командасы 2021 жылы жоғары лигада ел чемпионатының қола жүлдесін иеленген еді.