CaspianLife, 13 сәуір — Облыстағы іргелі өнер ордасы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының құрылғанына биыл 85 жыл толды. Осыған орай театр ұжымы маусымдық қойылымдарымен аудандарды аралауға шықты, деп хабарлайды Caspian Life.
Гастрольдік сапар Исатай ауданынан басталды. Жастар театры күндіз балаларға арнап, «Ұр, тоқпақ» ертегісін, кешкілік украин драматургы Мария Ладоның «Болмаған оқиға» шығармасын сахналады. Қойылым адамдардың бір-біріне деген қадір-қасиетін, қоршаған ортаға деген құрметін жан-жануарларға тіл бітіре отырып, суреттеді.
Театр әртістерінің 85 жылдық мерейтойға арнаған жоспары ауқымды. Және олар тек белгілі жазушы, драматургтардың шығармаларын ғана емес, театр әртістерінің жүрегінен шыққан дүниелерді де сахналамақ.
Қойылым соңында мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали шығармашылық ұжымға рахмет айтып, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде әртістер энциклопедиялық кітапты сыйға тартты. Акамдемиялық театр ұжымының өнерін Аққыстау, Хамит Ерғалиев ауылдарының халқы да тамашалай алады.