CaspianLife, 12 сәуір — Құрманғазы аудандық ауруханасындағылар өздеріне қызмет көрсетіп, тауар жеткізіп берген кәсіпкерлердің 7 миллион теңгесін бермеген. Ал Атырау қаласының әкімдігіндегілер кәсіпкердің жер учаскесін кеңейту туралы өтінішін қараған кезде заңсыздыққа барыпты, деп хабарлайды Caspian Life.
Антикор қызметкерлері осы және өзге де тақырыпты қамтыған 25-ке жуық өтінішті қараған. Олардың 11-і қанағаттандырылса, алтауы тексеріліп жатыр. Ал 8 өтініш бойынша жазбаша түсінік берілген. Бұл жұмыстарды ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері «Бизнеске жол» жобасы аясында жасапты. Биыл қолға алынған жоба нәтижесінде 180-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған.
««Атырау облысы су арнасы» 99 кәсіпкерге 739 миллион теңге берешек болған. Олар ақшаларын ала алмай, біздерге жүгініп, қазіргі кезде департамент әкімдікпен бірлесіп 49 кәсіпкердің 587 миллион теңгесін қайтарып берді», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі АОД басшысы Ерұлан Серікқалиев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атыраудағы қызметкерлері кредиттік серіктестіктер арқылы несие алып, оны уақытылы өтесе де түрлі кедергіге тап болған кәсіпкерлердің базынасын да тыңдапты. Қазір кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатындағы жұмыстар басталған. Антикор қызметкерлері «кәсіпкерлер үшін есігіміз әрқашан ашық, күн сайын қабылдауға дайынбыз»,- дейді. Және аудандарды аралауды да жалғастыра бермек.