CaspianLife, 31 наурыз — Атырау облысы әкімдігінің жанынан құрылған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Жиын барысында экология департаментінің басшысы есеп берді. Оның сөзінше, Атырау облысында орналасқан 34 ауа бақылау стансасы былтыр күкіртті сутегінің шамадан 167 рет асқанын анықтапты. Оның 42-сі Мақат ауданында, қалғаны Атырау қаласында болған. Ал, биыл үш айдың ішінде ауа 26 рет ластанған. Оның 4-еуінің себебі анықталып, айыппұл салынды дейді департамент басшысы. Өңірде экологиялық мәселелерді шешуді өзіне міндет етіп алған бірнеше мемлекеттік орган бар. Олар өздеріне тиесілі заң шеңберінде қызмет етеді. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, жаңадан құрылған комиссияның құзыреті олардан әлдеқайда жоғары болады.
«Облыстағы жиналған экологиялық мәселелерді шешу үшін кейбір жерде заңнамалық өзгерістерді қажет етеді. Нормативтік құқықтық актілерді өзгерту керек. Комиссияның негізгі мақсаты — үлкен күрделі заңнамалық, кәсіпорындарға тиісті экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған өзгерістерге алып келу және ықпал етудің формасы деп түсінуге болады», — деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Атыраулықтарды мезі қылған экологиялық мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастыру міндеті — енді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия мүшелерінің мойнына артылған ауыр жүк болмақ. Оның құмда ізі, сайда саны байқалмай кетпесі немесе жұмысының нәтижелі болуы үшін каражат бөліну керек. Бірақ отырыста бұл туралы бір жан ләм-мим демеді.