Индербор кентінің «Көктем» шағын ауданында салынып жатқан 80 пәтерлік 2 тұрғын үйдің біреуінің құрылысы тоқтап қалуы мүмкін деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Өйткені, облыс әкімі Серік Шәпкенов аудандық құрылыс бөліміне «Еврострой» мекемесімен келісім-шартты бұзып, компанияны сотқа беруді тапсырды. Оған компанияның былтыр қажетті материалдар бола тұра, жұмыс күші жетпегендіктен ғимараттың тек 3 қабатын ғана көтеріп, жұмысты тоқтатып тастауы себеп.
«Бастаған іске жауапкершілікпен қарамайтын мердігер мекемемен келісім-шартты созудың не керегі бар? Бұған дейін де айттық. Бізде бір алгоритм бар: жұмыс істелмесе қайтадан конкурс жариялау керек. Оларға аяушылық танытып, мүмкіндік берген өзіміз кінәліміз. Бұл биыл бітетін жұмыс емес. «Еврострой» мердігер компаниясын өзіне алған міндеттерін орындамағаны үшін сотқа беріңдер. Құрылыс жұмыстарын тоқтатыңыздар»,- деді аймақ басшысы.
Ал «Оңдасын Строй» мекемесі салып жатқан екінші тұрғын үйдің құрылысы 2023 жылдың тамызында аяқталады деп жоспарланып отыр. Мұндағы жұмыс 70 пайызға аяқталған. Қазір кәріз, ауыз су, жылу жүйелері жүргізіліп, терезелері орнатылып жатыр.