CaspianLife, 15 ақпан — Атыраулық нейрохирургтар бес айлық сәбиге алғаш рет заманауи эндоскопиялық тәсілмен ота жасады, деп хабарлайды CaspianLife.
Бала туабітті сирек кездесетін краниостеноз ауруына шалдыққан. Бұл – бас сүйегі жігінің ерте бітуі деген сөз. Нәтижесінде мидың дамуына кедергі келеді. Шұғыл түрде ота жасалмаса сәбидің сал болып қалуы немесе тіпті шетінеуі мүмкін. Дәрігерлер дәстүрлі тәсілмен ота жасаудың салдары ауыр болатындығын ескеріп, осы жолы эндоскопиялық әдісті қолдануды ұйғарыпты.
«Қазір баланың жағдайы бірқалыпты, ем алып жатыр, осы аптада ауруханадан шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл әдістің ерекшелігі сол – бассүйек 2 жерден тесіліп, нейроэндескоптың көмегімен ота жасалады. Пациент көп қан жоғалтпайды және ауруханада ұзақ уақыт жатуды керек етпейді» — деді Атырау облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Шодер Арипов.
3-6 айлық балаларға дәл осындай әдіспен ота жасау – зиян емес. Ең маңыздысы — басқа зақым келмейді, ми әрі қарай қалыпты түрде дами береді, яғни неврологиялық жағынан өзгеріс болмайды, — дейді мамандар.