CaspianLife, 23 қаңтар — Атырауда наурыз айынан бастап қоғамдық көліктерде жолақы төлемей жүретіндерге айыппұл салынады, деп хабарлайды CaspianLife.
Оның көлемі шамамен 7000 теңге. Және осы уақытқа дейін жеңілдік картасын қолдануға құқы бола тұра, оны жасатпай жүргендер де мекемеге барып картаны алулары тиіс. Ол үшін азаматтың жеке басын куәландыратын және әлеуметтік санатқа жататындығын дәлелдейтін құжат қажет. Бұл — көлеңкелі бизнестің алдын алу үшін жасалып отырған көрінеді.
«Біздер 2021 мен 2022 ні салыстыратын болсақ, 2021 де бізде 27 миллион жолаушы жүрсе, 2022 жылы 32 миллионға арттық. Яғни жолаушылар саны көлеңкелі экономикадан шығып жатыр. Біз осы 2 ай турасында түсіндерме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни наурыз айынан бастап жүргізуші манағы карточкасыз оқушыларды алмауға, болмаса жол полициясымен көретін болсақ, онда біздер протокол толтыруға мәжбүр боламыз. Барлық жүргіншілерге қатысты» — деді Smart Qala директоры Ләззат Досмағамбетова.
Жолаушылар үшін 9 түрлі жеңілдік картасы және стандартты карта бар. Жеңілдік картасын соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, оларды күтіп-бағумен айналысатын адамдар және студенттер, оқушылар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, зағиптар мен саңыраулар ала алады. Ал стандартты картаны кез-келген тұрғынның сатып алуына болады. Бағасы – 500 теңге.