CaspianLife, 20 қаңтар — Атыраулық айтыскерлер «Асыл домбыра» иегері атанды. Былтыр «Хабар» арнасында командалық айтыс жобасы өткен еді. Оған 17 облыс және 3 қаладан 60 ақын қатысты, деп хабарлайды CaspianLife.
Жүлделі үшінші орынды алматылық және қызылордалық ақындар иеленсе, жерлестеріміз екінші орыннан көрінді. Ал, бас жүлдені Жамбыл облысынан келген өнерпаздар жеңіп алды. Алайда, ұйымдастырушылардың шешімімен Атырау облысына да тағы бір «Асыл домбыраны» табыстау туралы шешім қабылданды.
«Сол айтыста, финалда лайықты деңгейде өнер көрсеткен Атырау облысының құрама командасы Шынарбек, Сырымбек, Шалқарбай ақындардан құралған құрама ақындарды өнерге деген сүйіспеншілігі, жанкештілігі, көзқарасын ескере отырып Жүсіп Ерман ағамыз бар, Берік Уәли мырза бар ақылдасып шешіп, Атырау облысының командасына да осы «Асыл домбыраның финалисі» деген домбыраны сыйға тартып жатыры. Бұл біздің өнерге деген, ақындарға деген, өңірге деген құрметіміз» — деді демеуші Дулат Тастеке.
«Асыл домбыра» Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне 75-нші домбыра болып табыс етілді. Жобаға қатысқан жерлес ақындар айтыстың тартысты өткендігін айтады. Олар ақтық сынға жеткенге дейін жеңісті қолдан бермеуге тырыстық дейді.
«Енді әр ақынның үйіне емес, музейге тапсырылатындықтан батырлардың, ақындардың, күйшілердің елі, домбыраның отаны саналатын Атырауға «Асыл домбыраның» келуі символикалық белгі болды. Айтыс деген үлкен халыққа жеткізу құралы ғой. Мен ойлаймын, ақынның ары таза болуы керек. Батыстың батыр еліне, әсіресе, Махамбеттің ұрпақтарына, Жұмекен Нәжімеденовтың ұрпақтарына тура сөйлеп, адалдығын айтқан дұрыс деп ойлаймын», — деді айтыскер Сырымбек Сәрсембаев.
«Асыл домбыра» жобасы биыл да ұйымдастырылмақ.