CaspianLife, 14 желтоқсан — Атырау қалалық перзентханасы шала туған нәрестелерді қарқынды түрде емдеуге арналған замануи құрал жабдықпен толықты, деп хабарлайды Caspian Life.
Инкубатор және ашық реанимация жүйесі мыңдаған нәрестенің өмірін аман алып қалуға көмектеседі дейді дәрігерлер. Патология бөліміне жылына 270-тен астам шақалақ түседі. Ал жаңа технология олардың тезірек қатарға қосылуына ықпал етпек.Медициналық жабдықтарды сатып алуға BAYER Казахстан компаниясы көмектесіпті. Олар қайырымдылық қорына 9,5 млн теңге аударған.
«Жоба «Өмір сыйлайық» атты үлкен бағдарлама аясында жүзеге асты. Қордың осы бағытта жұмыс жасап келе жатқанына 15 жыл. Мақсатымыз перинаталдық орталықтарды реанимациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету», — дейді «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Наталья Еськова.
Қазіргі кезде қалалық перзентханаға жағдайы ауыр келіншектер жиі түседі. Сондықтан замануи жабдықтар ауадай қажет.
«Соңғы кездері Атырау облысында келіншектердің мерзімінен бұрын және егіз босану дерегі көбейіп келеді. Бұрын жансақтау бөліміне жылына 180-200 нәресте түссе, биыл олардың саны 270-ке жуықтады», — дейді Атырау қалалық перзентханасының директоры Гүлзейнеп Дүйсепова.
Қайырымдылық қоры өкілдерінің сөзінше, жоба жүзеге асқан 15 жыл ішінде 2 миллиард теңге жиналыпты. Осы қаражатқа еліміздегі 70 ке жуық мемлекеттік медициналық нысан үшін 1100-ден астам заманауи реанимациялық құрал-жабдық алынған. Және мыңдаған неонатолог дәрігер біліктілігін арттыру курсынан тегін өтіпті.