CaspianLife, 6 желтоқсан — «Нұрсая» ықшам ауданының 46, 47, 53 және 54 үй тұрғындары жылуға жарымай отыр. Олар жылудың тұрақты берілмейтініне наразы. Айтуларынша бірде бар, бірде жоқ. Болған күннің өзінде үй толықтай жылымайтын көрінеді. Оған қоса, ыстық су да жөнді берілмейді, деп хабарлайды Caspian Life.
«3-4 күннен беру жылу сөніп қала береді. Шу шығарғаннан кейін барып жөндейді. Бірақ, кейін қайта өшіп қала береді», — дейді тұрғындардың бірі.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары жылусыз қалған үйлердегі құбырларды тексеріп, түк таппапты. Олар келгенде пәтерлердегі батареялардың жылуы қалыпты болып шықты. Ал, оның уақытша суып кетуіне тұрғындардың өздері кінәлі дейді әкімдіктен келгендер.
«Бұл үйлердің салынғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда, тұрғындардың кейбірі жылу батареяларын әлі ауыстырмаған. Бұл да жылу беруде ақау туындатуы мүмкін», — дейді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.
Жаурап жүрген нұрсаялықтармен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев та кездесті. Арнайы комиссия құрылғанын айтқан ол мамандар жылу тұрақты берілгенге дейін мәселені бақылауда ұстайтынын да ескертті.
«Құрылған арнайы комиссия жағдай реттелгенге дейін мәселенің басы-қасында жүретін болады. Оған кепілдік береміз. Өзіміз үйлерді қарап шықтық. Кейбірінде жылу болса, кейбірінде жоқ екен. Алдағы уақытта бәрін реттейміз», — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Қайрат Нұртаевтың сөзінше «Нұрсаядағы» онға жуық көпқабатты үйде осындай проблема бар. Және бұл мәселе осымен екі жыл қатарынан көтеріліп отырған көрінеді.