CaspianLife, 19 тамыз — «Атырау» футбол клубының бас бапкері Константин Горовенко қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.
Горовенко бұл қызметке былтыр желтоқсан айында келген еді. «Атырау» футбол клубы Қазақстан премьер лигасында 15 матчтың бесеуінде жеңіп, алтауын тең ойнаса, өзгелерінде есе жіберді. Қазіргі таңда 21 ұпаймен турнирлік кестенің 8-ші сатысында тұр. Жергілікті футбол командасы бұған дейін жанкүйерлер мен фанаттар тарапынан сан мәрте сынға ұшыраған еді.
SportRadar Telegram-арнасының хабарлауынша, клубтың бас менеджері Апсалямов бас бапкермен бірге жаттықтырушылар құрамын түгелдей жұмыстан босатып жіберген.
Клуб директоры Энис Есмағамбет әлеуметтік желідегі ресми парақшада бас бапкердің қызметінен бостылуына байланысты пікір білдірді. Оның ойынша, мұндай шешімнің қабылдануына «Атырау» футбол клубының соңғы 3 ай бойы нашар нәтиже көрсетуі себеп болған. Ал бас бапкердің орнына үміткерлермен келіссөздер жүргізілуде.