CaspianLife, 9 тамыз – Биыл Атырауда 3 жаңа мектеп пайдаланылуға беріледі деп мәлімдеді облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.
Бүгінде облыста 200 мектеп бар. Одан бөлек бірнеше білім ордасының құрылысы жүруде. Биыл жаңа оқу жылында 3 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.
««Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша, өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін өңірде 48 мектеп кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Ал, биылғы жаңа оқу жылын 138 мыңнан астам оқушымен бастағалы отырмыз. Облыс бойынша барлық мектепте жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталады», — деді А.Дүйсекенова.
Сондай-ақ, қалалық Білім бөліне қарасты 63 мектепке осы жылға жөндеу жұмыстарын өткізуге 69 млн 500 мың теңге бөлініп, жұмыстары толығымен аяқталған.
«Орталық жылу қазандығына қосылған барлығы 27 мектептің жылу жүйелері гидравикалық сынақтан өткізілді. Ал, 36 мектептің жылу қазандықтары маусымға толық дайын», — деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева.
Шангереева одан бөлек мектептердегі кадр мәселелері де қарастырылып жатқанын да айтты.