CaspianLife, 1 тамыз – ҚР ИИДМ Вице-министрі Алмаз Ыдырысов Ақтөбе мен Атырау облыстарына іссапармен барып, жалпы ұзындығы 722 шақырым болатын «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» және «Атырау-Астарахань» жолдарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ыдырысов Атырау облысы Жамансор ауылында өндірістік базада7 лотты қамтитын және жалпы 304 шақырымды құрайтын «Қандыағаш-Мақат» жобасы бойынша жиын өткізсе, «Атырау-Астрахань» жобасының құрылыс-монтаждау жұмыстарын талқылау үшін арнайы жиынды Аққыстау өңірі мен Исатай стансасында өткізді. Жиын барысында жергілікті мердігер ұйымдардың өкілдері құрылыс жұмыстарына қажетті инертті материалдардың облысқа уақытылы жеткізуде қиындықтың барына тоқталды. Осыған орай, Алмаз Ыдырысов «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторына бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, вице-министр Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен кездесіп, жұмыс сапары барысында туындаған мәселелерді талқылады.
Ескеретін жайт, 2019-2021 жылдар аралығында «Атырау-Астрахань» автожолының бірінші кезеңінде, Ресеймен шекарадан Ганюшкино ауылына дейін 60 шақырымдық жол қайта жөнделген. Ал, қазіргі кезде қайта жөндеу жұмыстары — ұзындығы 217 шақырымды құрайтын учаскелерде жүргізілуде.