CaspianLife, 28 шілде — АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп CNN арнасына өзі туралы жалған мәлімдемелер таратты деп айып тағып, сотқа беретінін хабарлады.
«Бұл туралы телекомпанияның өкілдеріне де айттық», — дейді экс-президент.
Трамп өзі туралы жалған ақпарат таратқан басқа да БАҚ-қа қатысты шара қолданатынын жеткізді. Оның адвокаты Джеймс Трастидің мәліметінше, CNN телеарнасы экс-басшыға қатысты 8 мыңға жуық жалған мәлімдеме таратқан.
New York Post басылымының дерегінше, телекомпанияға барлық таратқан жалған ақпараттарды теріске шығарып, ресми кешірім сұрау үшін 10 күн уақыт берілді.
Айта кетелік, Дональд Трамп қайтадан президенттік сайлауға қатысуы мүмкін. Оның айтуынша, 2020 жылы Демократиялық партия өз күштерімен Миннеаполис, Чикаго және Портлендте бейбітшілік орнатқан. Сондай-ақ, жағдайдың ушығып тұрғанына қарамастан, сабырлық таныттым дейді Трамп. Экс-президент қайтадан басшы болып сайланса, қылмыстық топтармен күресуді басты жолға қоятынын мәлімдеді.