СaspianLife, 26 шілде — 7 айдың қорытындысы бойынша Атырау облысында 25 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты игерілмеген. Бұл көрсеткіш Махамбет ауданында 2 млрд. 400 миллион, ал Жылыой ауданында 2 миллиард теңгеден асып жығылады. Облыстық әкімдіктегі кейбір басқармалар да миллиардтаған теңгелерді уақытында жаратып үлгермепті.
«Облыстық бағдарлама әкімшілері бойынша қаржы үлесі жоғары білім беру басқармасы 2 млрд 419 млн тг, құрылыс басқармасында 3 млрд, ауыл шаруашылығында 1 млрд 425 млн. теңге, денсаулық сақтау басқармасында 955 млн. тг-ні құрап отыр. Жылдық жоспарланған қаржының игерілу көрсеткіші өте төмен. 7 айдың қорытындысы бойынша 39,7% құрайды. Бірінші жарты жылдық бойынша даму бюджетінің игерілген үлесі 21% құрады», — дейді облыстық қаржы басқармасы басшысының м.а. Тілекқабыл Байдошев.
Облыстық қаржы басқармасындағылардың сөзінше, әкімдер бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игереміз деп уәде берді. Алайда оған облыс әкімінің күмәні бар. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов шенеуніктерге қомақты қаражатты пайдалану керек екен деп, сапасыз жұмысқа қаржы бөліп, ақшаны оңды-солды шашпауды ескертті.
Жалпы облыстың биылғы бюджеті 677 миллиард теңгеден астам.