CaspianLife, 19 шілде — «Теңізшевройл» ЖШС базасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кеңес өтті. Жиында аймақтағы жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек жанжалдарын болдырмау мәселесі талқыланды.
Бүгінгі таңда Атырау облысында 9,5 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым жұмыс істесе, оларда 278 мың жалдамалы қызметкер еңбек етеді.Өңір компанияларымен 242 мың жұмыскерді қамти отырып, жұмыс орындарын сақтау бойынша 3,7 мың меморандум жасалды. Ірі және орта кәсіпорындардың 97,8%-ы өз қызметкерлерімен ұжымдық шарттар жасасты. Облыстың 109 кәсіпорны 108 мың жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейін көтерді. Бұл ретте өңірде еңбек жанжалдары туындауы мүмкін кәсіпорындар да бар.
«Жұмыс берушілердің ұжымдық шарттар мен меморандумдар бойынша жұмыс орындарын сақтау бойынша алған міндеттемелерін орындауына тұрақты мониторинг жүргізу маңызды. Жұмысшылардың еңбек жағдайлары мен жалақы деңгейіне қанағаттанушылығына үнемі сауалнама жүргізу қажет», – деді Тамара Дүйсенова.
Атыраудағы 9 кәсіпорынның жалпы сомасы 34 млн теңгені құрайтын еңбекақы бойынша берешегі бар. Тамара Дүйсенова осы бойынша жоспар-кесте дайындау қажет екенін айтты.
«Жалақы және жұмыскерлерді жұмыстан босатқан жағдайда ықтимал берешекті анықтау бойынша жұмысты әлеуметтік аударымдарды төлеуді төмендеуіне мониторинг жүргізу арқылы жүргізген жөн», – деп ұсынды Тамара Дүйсенова.
Жиында одан бөлек өндіріс кезінде болатын жазатайым жағдайларды атап кетті. Мәселен, биыл Атырауда 21 қызметкер зардап шексе, оның 3-еуі қаза тапқан.
«Облыс әкімдігі ең көп жазатайым оқиғаларға жол берген әрбір жұмыс берушімен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, олардың орындалуын міндетті түрде бақылай отырып бекітуі қажет. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында кәсіпорындарға бару арқылы профилактикалық бақылау жұмыстарын күшейтуі қажет», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.