CaspianLife, 8 шілде — Атырауда Құрбан айт кезінде мал сою пункттерінің жұмысын бақылау күшейтіледі. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлназ Ирбатырованың жаңа қаулысында жазылған.
Атырау облысы аумағында «Құрбан айт» мерекесін тойлау кезеңінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету туралы №6 қаулыға қол қойылды. Онда құрбандық шалу үшін жергілікті атқарушы органдар айқындаған орындарда ғана союды ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз етуге басымдық берілген. Осыған орай тұрғындар арасында Құрбан айт мерекесін өткізуді ұйымдастыру, тамақтан улануға және жіті ішек инфекцияға жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған.
«Тоңазытқыш жабдықтардың және жеке қорғаныш құралдарының қажетті санын қамтамасыз ете отырып, мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді (құрбандыққа шалынған малдың еті) тасымалдау және сақтау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық ережелер талаптарының сақталуы қамтамасыз етілсін, облыс аумағындағы барлық мал сою пункттерінің жұмысына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау күшейтілсін», — делінген жаңа қаулыда.
Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына жіті ішек инфекцияларының және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында бірнеше ұсыныс беріліп отыр. Оның ішінде жеке гигиена ережелерін сақтау, тез бұзылатын өнімдерді тек салқын күйде сақтау, тамақ өнімдерін сатып алған кезде жарамдылық мерзіміне, шығарылған күніне назар аудару, кездейсоқ адамдардан және санкцияланбаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау бар.Жаңа қаулы күшіне енді.