CaspianLife, 7 шілде — Атырауда сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен хабарлады.
Департамент мәліметінше, серіктестік ҚР Табиғи монополия туралы заң бойынша бекітілген талапты сақтамаған.
«Аталған серіктестіктің реттеліп көрсетілетін қызметі бойынша 2021 жылға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есебін талдау кезінде бәсекелес кірме жолы болмаған жағдайда жылжымалы құрам өтуi үшiн кiрме жолды беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге бекітілген тарифтік сметада көзделген амортизациялық аударым қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Тұтынушыларға қайтару сомасы 412,058 мың теңгені құрады. Бұл қаржы тұтынушыларға қайтарылды», — деп мәлімдеді департамент.
Осы дерекке байланысты «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС әкімшілік жауапқа тартылып, 4 млн 900 мың 800 теңге көлемінде айыппұл салынған. Серіктестік айыппұлды қысқартылған өндірісте көрсетілген соманың 50% мөлшерінде бір апта ішінде төлеген.