CaspianLife, 5 шілде — Атырау облысының су айдындарында үш айда 1,493 тонна балық қырылды. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі сәуір-маусым аралығында Безымянный мен Алмағамбет көлінде балықтың қырылғаны тіркелгенін хабарлады.
«Былтыр өңірдің су айдындарында 12 тонна 408 килограмм балық өлгені анықталып еді. Ал, биыл Атырау қаласы мен аудандарда балықтардың жаппай қырылуының алдын алу бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде балықтың қырылу дерегі өткен жылғы көрсеткіштен 80%-ға дейін төмендеді. Биыл Безымянный көлінде 6,5 тонна, ал, Алмағамбет көлінде 1,428 тонна өлі балық тіркелді», — деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы балықтардың уылдырық шашу орнына еркін кіруі үшін Қайыршақты округінің аумағында 800 метр канал қазылғанын айтады. Каналдың тереңдігі – шамамен 1 метр. Өлген балық санитарлық талаптарға сәйкес көму жолымен жойылды. Тірі балықтар сүзіліп, Жайық өзеніне жіберілді.
Оның айтуынша, Махамбет ауданындағы Алмағамбет көлінде 10 жылдан бері су болмаған. Биыл Жайық өзенінен аталған көлге су шыққан.
«Он жыл бойы судың келмеуі бұл көлде жыңғылдың өсуіне себеп болды. Биыл көлге су келді. Көлге сумен бірге келген балық жыңғылдың арасында қалып қойып, кері орала алмаған. Оттегінің жетіспеушілігінен қырылған», — деді Артур Сәдібекұлы.