CaspianLife, 5 шілде — Тамыз айының екінші жартысында Атырау облысында полипропилен өндіруші зауыт жұмысын бастайды. Бұл туралы мемлекет басшысымен кездесу барысында «Қазмұнайгаз» ҰҚ акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.
Зауыт құрылысының негізгі жұмыстары былтыр желтоқсан айында аяқталған. Бастапқы кезеңде полипропиленнің 11 түрі шығарылады. Кейін ассортиментті 65-ке дейін көбейту көзделген. Полипропилен материалы машина жасау, медицина, тұрмыстық техника мен құбырлар өндірісінде жиі қолданылады.
«Тамыздың жиырмаларында Атырау қаласындағы ірі полипропилен шығаратын зауыт ашылатын болады. Қазіргі таңда аяқталу жұмыстары жүргізілуде. Бұл зауыт ашылғаннан кейін 500-ден астам жаңа жұмыс орын құрылады. Сондай-ақ, өндіріс орны өңірдегі ірі зауыттардың бірі болмақ. Оның өндіру көлемі жылына 500 мың тонна полипропилен құрайтын болады», — дейді «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Қазақстан нарығында полипропиленнің қажеттілігі 45-50 т шамасында. Өнімнің қалғаны шетелге экспортталады. Сондай-ақ 2027 жылы «Ұлттық индустриялды мұнайхимиялық технопарк» арнайы экономикалық аймағында қуаттылығы жылына 1 млн 250 мың т болатын полиэтилен өндіру зауыты мен бутадиен шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. «Қазмұнайгаздың» басқарма төрағасы аталған екі жоба бойынша серіктестермен келіссөздер жүріп жатқанын айтты.