CaspianLife, 3 шілде — Биыл еліміздегі ашық су қоймаларын зерттеу кезінде Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласында 28 сынамадан тырысқақ вибрионы анықталды. Бұл туралы санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Тырысқақпен сырқаттанушылықтың эпидемиялық маусымының басталуына және осы инфекция бойынша қолайсыз елдерден тырысқақтың әкеліну қаупіне байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мынадай алдын алу іс-шараларын жүргізуде:
— мемлекеттік шекараның әуе, теңіз, теміржол және автомобиль өткізу пункттерінде шетелден келгендерді бақылау күшейтілді;
— тырысқақ анықталған жағдайда жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша медицина қызметкерлері үшін семинарлар, жаттығу сабақтары үнемі өткізіледі;
— инфекциялық стационарлардың науқастарды қабылдауға дайындығы, олардың уытсыздандыру, регидратациялау және ерекше терапия құралдарымен, бактерияға қарсы препараттармен жарақтандырылуы қамтамасыз етіледі;
— тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Тырысқақтың алдын алу үшін қарапайым ережелерді қатаң сақтау керек:
— ішуге тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды қолданыңыз. Шикі судан дайындалған мұзды жеуге болмайды;
— тек белгілі және сенімді тамақтану орындарына баруға тырысыңыз;
— жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жуыңыз;
— тамақ қауіпсіз болуы керек, сүт тек қайнатылған түрінде тұтынылуы керек;
— тамақ өнімдерін, дайын тағамдарды, әсіресе сүт өнімдерін шыбын-шіркейлерден мұқият қорғау қажет;
— тамақтанар алдында қолды сабынмен мұқият жуу, қолға арналған антисептиктерді (санитайзерлер)пайдалану;
— тек бассейндерде немесе арнайы су қоймаларында шомылуға рұқсат етіледі;
— барлық су көздерін (құдықтар, бұлақтар, өзендер, су тарату колонкалары) ластанудан, әсіресе нәжіспен бүлінуден мұқият қорғау қажет;
— күнделікті өмірде және өндірісте санитария мен жеке гигиена ережелері қатаң сақталуы тиіс;
— денсаулық жағдайы нашарлаған кезде немесе сапардан оралғаннан кейін міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.