CaspianLife, 23 маусым — Маңғыстаулықтар өңірде қанттың әлі де тапшы екенін айтып, шағымдануда. Әсіресе аудандардағы дүкендерге секер соңғы екі айда мүлдем жеткізілмеген. Ал болған жағдайда қанттың 1 келісі 1000 тг дейін барады.
Ауылдық жерлердегі дүкен иелері де тасымалдаушы кәсіпкерлерді таппай жүргендерін айтады. Облыс орталығынан жырақ орналасқан аудан тұрғындары дүкен сөрелерінен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да жоғалып кеткенін айтады. Сондықтан алыпсатарлардан 3 есе қымбат бағасына сатып алуға тура келуде. Қанттан бөлек мұнда картоп, жұмыртқа мен ұн бағасы да аспандап кеткен.
Жергілікті билік басындағылар «қант тапшы» дегенмен келіспейді. Қазір тұрақтандыру қорында 220 тонна тәтті ұнтақ сақтаулы. Ал сауда орындарындағы қоймаларда 335 т секер бар. «Өнімді отандық кәсіпкерлер де уақытылы жеткізуде» дейді олар.
«Бұдан бөлек Тараз қаласындағы қант зауытынан да алдағы 10 күннің ішінде қосымша өнім келеді. 20 күннің ішінде «Алтын фуд», «Дана» супермаркеттеріне 3 вагон секер жеткізіледі. Сондай-ақ Меркі қант зауытымен де өңірді секермен қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүріп жатыр» — дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Пікір Сансызбаев.
Шенеуніктер қант төңірегіндегі айқай-шу мен алыпсатарлық қолдан жасалып отыр дейді. Секер қоймаларда толып тұр. Бірақ ондағы өнім тек үлкен сауда орындарына арналған.