CaspianLife, 23 маусым — Жыл басынан бері тұрғындар мен кәсіпкерлердің арыз-шағымдарынан кейін «Қасқор-Транссервис» АҚ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на тексеру жүргізілді. Бұл туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Жандос Сәлімов мәлімдеді. Оның сөзінше, тексерулерден кейін компанияларға айыппұл салынған.
«Бір мекемеге 4 900 800 теңге айыппұл салынып, жеңілдетілген тәртіппен 2 450 400 теңге төленді. Екінші ұйымға хаттама толтырылды, бірақ қарсы тараптың арыз беруіне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, департамент 1 мамырдағы жағдай бойынша бекітілген тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны орындау бойынша есептерді уақытылы ұсынбағаны үшін 10 табиғи монополия субъектісіне жалпы сомасы 6 841 560 теңге әкімшілік айыппұл салды. Алты субъекті бойынша іс қысқартылған тәртіпте қаралып, 2 021 580 теңге айыппұл төленді», — деді Жандос Сәлімов.
Сондай-ақ, «Әділетті жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің үндеуінің аясында бес кәсіпкердің жанар-жағармайдың бөлшек саудада белгіленген бағасын асырып жіберу фактісі анықталды. Сотқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттар жолданды.