CaspianLife, 13 маусым — Өткен аптада облыстық перзентханада дүниеге келіп, бір күннен кейін перзентханадағы әйелдердің бірі құлатып алған шақалақ жансақтау бөлімінен шықты. Қазір сәби жаңа туған сәбилер бөлімшесіне ауыстырылды. Мамандардың айтуынша, орын алған жағдайдан кейін кішкентай толық тексерістен өткізілген. Жағдайы жақсы.
«Сәбиге оттегінің жетіспеушілігі болғаны оқыс оқиғамен байланысты емес. Сәбидің анасы жүктілік кезінде анемия болған. Бүгінгі таңда мамандар баланың бойынан басқа да аурулардың белгілерін анықтамады. Яғни, сәбидің жағдайы жақсы», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Жанар Сәдуова.
Қазіргі кезде болған оқиғаға қатысты тергеу жүруде. Айта кетейік, атыраулық келіншек 8 маусымда 4 қыздан кейін ұл босанып, келесі күні ол рентгенге түсуге кеткен кезде бір бөлмеде жатқан келіншек баланы жұбатамын деп жүріп қолынан түсіріп алған. Яғни, әйелдің басы айналып, тепе-теңдікті сақтай алмапты. Орталықтағы мамандар оқиға болғаннан кейін ғана палатаға келіп, көмек қолын созған. Жағдайдың жай-жапсары анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Оның шешіміне байланысты және мұндай оқиғалардың алдын алу үшін перинаталдық орталықтың басшылығына қатысты жаза қолданылатын болады.