CaspianLife, 10 маусым — Облыстағы Ярмарка Retaіl супермаркет желісіне қосымша 68 тонна қант жеткізілді. Секер Алматыдағы Көксу қант зауытынан әкелінген. Қоймаға жаңа түскен қант көлемі есепке алынған соң сатылымға шығарылады.
Алдағы уақытта мұнда тағы 130 тонна қант жеткізіледі деп жоспарлануда. Осылайша тиісті басқарма басшылары аймақтағы қант қорын жинап алуды көздеп отыр. Ярмарка Retaіl сауда желісінде қазір қанттың 1 келісі 385 тг сатылып жатыр.
«Қалада қант тапшылығы жоқ. Бүгінде 68 тонна қант түсіп жатыр. 4-5 күннен кейін келесі вагон келеді. Жақын арада дүкендерге жіберіледі», — деді супермаркеттің қойма меңгерушісі Клара Шарипова.
Айта кетелік, қалада Ярмарка Retaіl және «7я» супермаркеттерінің 15 нүктесі бар. Екі күн бұрын Идеал және Лидер супермаркеттеріне де 66 тонна қант келген еді. Алайда секер тонналап әкелініп жатқанымен, атыраулықтардың қант тапшылығына қатысты шағымы азаяр емес.