CaspianLife, 28 мамыр — Атырау халқы дүкен сөрелерінен секер таба алмай жүр. Тек жарты және бір келілік рафинад бар. Оның құны да аспандап кеткен, келісі 1000 теңгеге жуық. Кішігірім азық-түлік дүкендерінің сатушылары да жағдайдың күрделі екенін айтады. Ал, сатушылар қант тіпті фирмаларда жоқ екенін айтады. Болған жағдайда қымбатқа ала алмайтындарын жеткізді.
Осы орайда «бағаны да, азық-түліктің бәріне жетуін күнде бақылауда ұстап отырмыз» деп жарияға жар салып жүретін шенеуніктердің жұмысының нәтижесі қайда деген заңды сұрақ туындайды. Әдеттегідей олар жағдайдан хабардар. Облыстық әкімдіктегілер халықты дүрбелең тудырмауға шақыруда. Өйткені қант тапшылығы Атырауда ғана емес, еліміздегі барлық өңірде байқалуда. Жағдайдың күрделенуіне санкцияның астында қалып, шетелге азық-түліктің кейбір түрін экспорттауға тыйым салған Ресейдің шешімі де әсер еткен.
«Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өңірге 408 тонна қант өнімі тасымалданған болатын. Сонымен қоса, 768 тонна қант өніміне тапсырыс беріліп, күні бүгінге 128 тонна өңірлерге тасымалданды. Олар Атырау қаласында орналасқан супермаркет желілерінде қала тұрғындарына ұсынылды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапынан Алматы облысында орналасқан «Көксу» қант зауытымен келіссөз жүргізу нәтижесінде өңірге 408 тонна қант жеткізу туралы келісмішарт жасақтасуда. Аталған қант өсімі супермаркет желілерінде орташа есеппен 385 теңгемен сатылуда», — дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.
Супермаркет желісінің өкілі Марта Нұрболғанова қанттың 10 минутта бітіп кететінін айтады. Кейін келетін тұтынушылар үшін 3 келіден артық сатпайды.