CaspianLife, 28 мамыр — Бейнеулік түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай Есет ауылының орталығына биіктігі 9 м болатын тутұғыр орнатты. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлады.
2002 жылдың түлектері мерейтойды өзара атап өтудің орнына, туған ауылына елеулі сый жасауды жөн санады. Қазір ту жергілікті тұрғындар кешкісін бас қосқанды ұнататын ауыл орталығында желбіреп тұр.
«Бірнеше күн бұрын біздің мектептің түлектері тутұғыр орнату туралы ұсыныс жасады. Олардың бұл ойларын қуана құп көріп, орнатылатын жерді белгілей салысымен құжаттар әзірледік. Бұл сый ауыл тұрғындарының да көңілінен шықты», — дейді ауыл әкімі Есет Ізбасаров.
Тутұғыр 36 шаршы метрді алып жатыр. Ол барлық жағынан қазақи ою-өрнектермен көмкерілген.
Тутұғырдың ашылу салтанаты соңғы қоңыру күніне сәйкес 25 мамырда өтті.