CaspianLife, 19 мамыр — Әскерге шақырту алған Талғат Айтмұханов 14 мамырда Құрықтағы әскери бөлімшеге барған соң, жұмыстың алғашқы күндерінде-ақ оғаш қылық көрсете бастады. Бұл туралы қоғам қайраткері Бибігүл Рамазан хабарлады.
Талғат Айтмұхановтың анасы әскердегі әлімжеттік мәселесін көтерген қайраткерге өз ұлының жағдайын айтып, көмек сұраған.
«Жігіттің оғаш қылығын бірнеше күннен кейін хабарлады. Кеше, 18 мамырда Талғатқа ата-анасы барып кетті. Олар ұлының ешқандай реакция көрсетпегенін айтты. Кейін Маңғыстаудағы облыстық ауруханаға апарып, басын МРТ-ға түсірді. Бірақ, дәрігерлер еш кінарат таппады. Бұған себеп, жігіттің үйден шықпауында болуы мүмкін дейді. Алайда, ол Оралдағы колледжде бір жыл оқыған студент. Оны қалай әскерге шақырғаны түсініксіз», — дейді Бибігүл Рамазан.
ҚР Қорғаныс министрлігі 25744 әскери бөлімінің қолбасшылығы 18 мамыр күні сағат 12:00 шамасында шақырылған сарбаздың оғаш қылығын байқағанын хабарлады.
«Мерзіміді әскери қызметші А. Өз-өзімен сөйлесіп, оғаш қылық көрсеткен соң облыстық ауруханаға жеткізілді. 19 мамыр күні қайтадан текерістен өтеді», — делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған азаматтың медициналық комиссиядан өтуі үшін аудандық қорғаныс істері басқармасына мәжбүрлі түрде жеткізілгені және одан әрі әскери қызметке шақырылуы туралы ақпарат жалған екенін алға тартты.
«Шақыру қағазы 4 мамырда белгіленген тәртіппен жеткізілді. 11 мамырда әскерге шақыру учаскесіне келіп, ол және оның туысымен әңгімелесу барысында басқа гарнизонға кетпей, Ақтауда қызмет ететінін хабарлады. Кейін шақыру комиссиясына тапсыру кезінде әскерге шақырылған азамат Қарулы Күштер қатарында қызмет ететінін мәлімдеп, медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайына шағым жасамады. Оқиға бойынша әскери полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», — деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.