CaspianLife, 16 мамыр — Мамыр-маусым айларында Маңғыстау облысындағы мал шаруашылығы кәсіпорындарына Азық-түлік корпорациясы арқылы 5 мың тоннаға дейін бидай кебегі арзан бағамен жеткізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелеріне арналған кеңес барысында айтты.
Бұған дейін «Жол картасын» жүзеге асыру аясында Үкімет астық жем-шөп қорын қалыптастыруға қаржы бөлетіні хабарланған болатын. Ербол Қарашөкеев түсіндіргендей, биылғы жылы 200 мың тонна көлемінде астық жем-шөп қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуларға 20 млрд теңге бөлінеді. Былтыр болған құрғақшылық қайталанса, бұл мал мен құстың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Маңғыстау облысының әкімдігі 2022 жылға асыл тұқымды мал шаруашылығы өнімінің сапасын арттыруды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 579,7 млн теңге бөлді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды мал азығына кететін шығынды азайтуға 384 млн теңге қарастырылған.
Мұнай компанияларының қолдауымен жемнің бағасы 1 қап кебек үшін 1900-2100 теңгеден 3200 тонна көлемінде 1500 теңгеге дейін төмендетілді.
Азық-түлік корпорациясының қорындағы жемнің сату бағасы тоннасына 50 мың теңгені құраса, бұрын осы желі арқылы 220 тонна кебек сатылған. Тасымалдау құнын және басқа да шығындарды ескерсек, Маңғыстаудағы баға тоннасына 65-70 мың теңге болмақ.