CaspianLife, 13 мамыр — Маңғыстау облысында көлік салығын төлемегендер азаймай тұр. Олар мұның себебін елдегі экономикалық жағдайдың қиындағанымен түсіндіреді. Мәселен, Мұнайлы ауданы тұрғындарының көлік салығының қарызы 173 млн теңгеден асқан. Ауданда 20 мыңға жуық жеке тұлғаның атына 25 мыңдай автокөлік тіркелген. Сәуір айынан бері транспорт салығынан аудан қазынасына тек 87 миллион теңге түсіпті.
Берешекті төлеу мерзімі 1 сәуірге дейін деп белгіленген еді. Содан бастап кешіккен әрбір күн үшін жалпы соманың 0,25 пайызы өсімпұл ретінде жүреді. Мамандардың айтуынша, салықтан қашатындардың дені жол талғамайтын көліктердің иелері.
«Облыс бойынша 55 мың жеке тұлға көлік салығын төлемеді. Олар бір жарым млрд тг қарыз. Салық ҚР заңына сәйкес азаматтарға міндеттелген. Одан жалтару мүмкін емес», — облыстық кірістер департаментінің бөлім басшысы Сәкен Бозшығұлов.
Көлік құралдарына салық берешегін өндіру мақсатында енді облыста рейд өткізілмек. Борышкерлер көшеден тоқтатылып, алдымен ескерту беріледі. Оған да құлақ аспаса олардың ісі сот орындаушыларына беріледі.