CaspianLife, 13 мамыр — Биыл Атырау облысының бюджетіне 420 млрд теңгеге жуық салық түсуі тиіс. Бірақ, бұл болжам ғана. Өйткені, жыл соңына дейін қазынаға түсуі тиіс салықтың көлемі 43,1 млрд.теңгеге азаюы мүмкін. Оған бірнеше фактор әсер отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерінің отырысында айтылды.
Қазынаға салықтың аз түсуіне мыңдаған атыраулықты жұмыспен қамтып отырған компаниялардың өзге өңірлерде тіркеуде тұрғаны да себеп. Яғни, Атырау жерінде жұмыс істеп, пайда тауып отырған ірілі-ұсақты компаниялар салықты өзге облысқа төлеп отыр. Салықшылар жылжымайтын мүлік нарығындағы қазіргі кездегі көрсеткіштерді сараптай отырып, қаладағы сауда үйлерінен түсетін салықтың көлемі 1,2 миллиард теңге шамасында болуы тиіс қорытындыға келген. Бірақ, олардың қазынаға құйған қаражаты 300 миллион теңгеге де жетпейді. Одан бөлек, қарапайым такси жүргізушілері де салықтан жалтарады. Сондықтан, депутаттар салықшыларға ескерту жасады.
«Мобильді топтардың жұмысын күшейтіп, аудандарғы штат беру мәселесін қарастыру керек. Мәселен, Құрманғазы ауданында мереке күндері такси қызметінің құны 10 мың тг-ге дейін жетті. Оларды мобильді топ ішкі істер органдарымен бірігіп тексеруді бастағанымен, кейін ұмытылып қалады», — дейді облыстық мәслихат депутаты Зәмзәгүл Қарсақова.
Яғни, аудан мен қала арасына тұрғындарды тасымалдайтын такси жүргізушілерін қатаң бақылауға алу керек дейді атқамінерлер. Өйткені, мереке күндері такси қызметінің құны артып, халықтың қалтасы қағылуда. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрпейіс Ақпаевтың сөзінше, жолаушы тасымалымен айналысатындар InDriver арқылы бақыланады. Алайда, салық төлемей заңсыз жүрген такси жүргізушілері азаяр емес.