CaspianLife, 13 мамыр — Мемлекеттік сатып алу саласында 2020 жылдан бастап биылғы 1 тоқсанға дейін 418 қылмыстық іс тіркеліп, 162 адам сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді.
«Биыл 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Президент жылдар бойы сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылық бюджет процесінің барлық кезеңдерінде байқалып отырғанын айтты. Қабылданған шаралар да бұл жағдайды айтарлықтай өзгертпеді. Осыған байланысты ол мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жүйесін қайта қарауды тапсырды», — деді Сарқұлов.
Статистикаға сәйкес, бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 30%-ға жетеді. Ал бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында шамамен 5%-ды құрайды және нарыққа айтарлықтай экономикалық әсерін тигізеді.
«Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы дәл осы салада жасалады. Талдау көрсеткендей, бұл қылмыстардың 80%-ы орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде бюджет қаражатын ұрлаумен және парақорлықпен байланысты», — деді Ұлан Сарқұлов.