CaspianLife, 10 мамыр — Атырау қаласында жауған жаңбырдың салдарынан мөлшерден тыс жиналған суды сорғылау жұмыстары жүріп жатыр деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сорғылау жұмыстарына «Арнаулыавтобаза» және «Атырау Су Арнасы» мекемелері тарапынан 54 вакуумдық көлігі, 78 адам жұмылдырылып, 40 мың текше су шығарылды. Сонымен қатар, нөсер жауынды соруға жеке вакум көліктері де атсалысуда.
Өз кезегінде «Арнаулыавтобаза» мекемесінің басшысы Алмас Ізтілеуов қазіргі таңда техникалардың барлығы қала аумағында жиналған жаңбыр суын тазалау үшін жұмылдырылғанын айтып, бұл жұмыстар екі ауысыммен түнгі уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, көптеген жер үйде тұратын тұрғындардың үйлері суға кетті. Атыраулық мына тұрғын жаңбыр жауған сайын жағдайдын қайталанатынын айтады. Осыған дейін комиссия үйге тексеріс жасап, жөндеу жұмыстарын жасауға қаражат берген. Алайда, әйел үй ендігі жөндеуге келмейтінін айтады.