CaspianLife, 4 наурыз — Бейнеу ауылында орналасқан су тазарту қондырғысынан бөлек, сыйымдылығы 20 мың текше метр су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов мәлім етті. Әкімнің дерегінше, жазғы маусымда Бейнеу ауылында ауыз су тапшылығы байқалады.
«Бұл мәселені шешу үшін Бейнеу ауылында орналасқан су тазарту қондырғысынан бөлек, 20 мың текше метрлік су қоймасын салу жоспарлануда. Қазір бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын уақытылы қаржыландырылған жағдайда жүргізу жоспарлануда», — деді Бейнеубек Әбілов.
Оның айтуынша, жалпы аудан тұрғындарының 95 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ әкім 2021 жылы Ақжігіт ауылдық округінде 235,7 миллион теңгеге ұзындығы 11,6 шақырым болатын су құбыры желілері тартылғанын айтты.
«Қазіргі уақытта бұл құбырды Ақжігіт ауылындағы су құбыры мекемесінің «Қазводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына беру жұмыстары жүргізілуде», — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, Сам, Ноғайты, Тұрыш ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құзырлы органдар жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде.
Фото: Т. Қазанғапов