CaspianLife, 3 ақпан — Бейнеу ауданының тұрғыны букмекерлік кеңселердің бірінің компьютерлік техникалары мен жиһаздарына бензин құйып өртеп, іс-әрекетін видеоға түсірген.
Ер адамның сөзінше, ол 20 жыл бойы букмекерлік кеңселер қызметін пайдаланған. Сол уақыт ішінде ол 200 млн тг жуық ақшасын жоғалтқан.
Бұл жастардың миын улап, бар жиған-тергенін осындайға салады. Бұл — азарт, бұл — ауру. Бұны өртемеске амалым жоқ. Мен-ақ сотталып кетейін. Осы уақытқа дейін 200 млн тг жоғалттым. Төрт балам, отбасым, достарым бар. Ойнау үшін үшін олардың бәрін алдап келдім. Азартқа беріліп, лото ойнайтын адамдардың еш нәрседен тайынбайтынын білемін. Осының кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды. Жауапкершіліктен қашпаймын, не жасап жатқанымды білемін. Біздің жастар мен сияқты болмасын, тапқан-таянғандарын азарттық ойындарға құртпасын деймін. Мен үшін ұялатын жандардан кешірім сұраймын, — дейді азамат видеолардың бірінде.
Маңғыстаулық Полиция департаменті ер адамның ұсталғанын хабарлады.