CaspianLife, 22 желтоқсан — Желтоқсан айының басында Атырауда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілмеген 160 әлеуметтік пәтерге байланысты жанжал шыққан болатын. Бұл туралы жергілікті әкімдіктің жұмысына тексеріс жүргізген есеп комитетінің өкілдері мәлімдеді.
Құжатта қалалық құрылыс бөлімінің 173 пәтерді жалпы құны 1.4 млрд теңгеге сатып алғаны көрсетілген. Бірақ, соның ішінде 160 пәтер кезекте тұрғандарға екі жыл бойы берілмепті. Қала әкімі Қайрат Оразбаев мұның шындыққа жанаспайтындығын айтып, пәтерлердің кезегі келген мұқтаж отбасыларға түгел берілгенін жазды. Және тексеріс жүргізді. Нәтижесінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің бірі кінәлі болып шықты.
Есеп комитетіне берілген мәліметтер қате жіберілген. Ол пәтерлер бәрі оған дейін бөлінген. 2019-2020 ж.ж ол үйлерге мына Қарабатан елді мекені, 496-ші разъезд елді мекені, қаладағы апатты жағдайда тұрған үйлер көшірілген. Есеп комитетіне ол жөнінде қосымша хабарлама берілді. Қазіргі уақытта тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қате жіберген мамандарға тиісті шаралар қолданылатын болады. «Толық бөлінген пәтер» деп айтылудың орнына «бөлінбеген» деп жазылып кеткен, — дейді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Қолда бар ақпарат бойынша, жуықта қала әкімінің орынбасары мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы елордаға шақыртылып, есеп комитетіндегілердің алдында есеп беріпті.
Оны қосымша хабарлайды счетный комитеттер. Өздері бізге тиісті нелерін жібереді ғой. Қандай шара қолданады, айыппұл бола ма, оны қосымша бізге хабарлайтын болады, — деп атап өтті Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Жыл басынан бері Атырауда әлеуметтік аз қамтылған санаты бойынша кезекте тұрғандарға 133 пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 90 адам ипотекалық пәтерге ие болды. Ал 200 адамға Береке шағын ауданынан «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы баспана кілті табысталды. Дегенмен, соңғы деректерге сүйенсек әлі 20 мың атыраулық баспана кезегінде тұр.