CaspianLife, 30 қыркүйек – Қазақстанда журналистердің мәртебесін заң жүзінде көтеру ұсынылды. Сенатор Нұртөре Жүсіп осындай ұсыныс жасады.
Депутаттың айтуынша, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде көрсетілмеген. «БАҚ туралы» заңда және Еңбек кодексінде журналистердің міндеті мен құқықтары қарастырылғанымен, мәртебесі мен кепілдігі туралы мәселе қозғалмаған. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, журналистер өте жауапты әрі қауіпті жұмыс атқарады.
«Журналистерге сот, прокуратура, Ішкі істер министрліктері, адвокаттар немесе нотариустар сияқты нақты мәртебе беретін уақыт келді. Қоғам демократиясы журналистердің қатысынсыз, ақпаратсыз мүмкін емес. Сондықтан ақпарат өкілдерін қолдап, әлеуметтік көмек беруіміз керек. Ол үшін «Журналистер мәртебесі туралы» заң қабылдау қажет», — деді депутат премьер-министрге жолдаған сауалында.