CaspianLife, 06 тамыз — Ұлы Отан соғысының облыстағы ең соңғы ардагері Закария Сұлтанов 96 жасында көз жұмды.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері 1925 жылы дүниеге келіп, бар болғаны 18 жасында әскерге аттанған. Алматы қаласында бір айдай дайындықтан өткен ол Белоруссия майданында соғысты. Алайда ұрыста аяғынан екі рет жарақат алып, Калининград облысындағы гарнизондық қызметке тағайындалған. Жеңісті де сол қаладан қарсы алған көрінеді.
Кейін 1948 жылы соғыстан оралып, отау құрып, Жұбайы екеуі 5 перзент тәрбиеледі. Екі қызы өмірден ерте кетті. Кейін 25 жылдай отасқан жарынан да көз жазған еді. Осыншама ауыртпалыққа төтеп берген Закария Сұлтанов ішкі істер органдарында жұмыс істеп, кейіннен сауда-саттық саласында лауазымды қызметтер атқарды.
Ақсақалмен биыл мереке қарсаңында жүздескенімізде ұрпақтың амандығы мен бейбіт өмірдің мәңгі болуын қалайтынын айтқан еді. Өкінішке қарай, аймақта соғысты көзімен көрген бір де бір ардагер қалған жоқ.