СaspianLife, 28 мамыр — «Мұғалімдер қауымы толық вакцина алмай, жаңа оқу жылында мектептер ашылмайды». Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай мәлімдеме жасады.
Министр екпе салу ерікті шара болғанымен, ұстаздарды жаппай вакцина алуға шақырып отыр. Яғни, келесі оқу жылы дәстүрлі форматта өтуі мүмкін. Білім басшысының айтуынша, енді білім жүйесі, оның ішінде балалар қашықтан оқуға шыдамайды. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтап, дәстүрлі оқуға шығуға бар күшті салу қажет, дейді.
Вакцина алу — тығырықтан шығудың жалғыз жолы деді Асхат Аймағамбетов. Министрлік тарапынан биылғы түлектерге аттестат беру рәсіміне қатысты да шешім қабылданды. 11 жыл бойы талмай білім алған оқушылардың көптен күткен сәті дәстүрлі форматта, бірақ санитарлық нормаларға сай өтеді.
«25 мамыр күні ахуалға қарамастан шешім қабылдап, мектептерде соңғы қоңырау дәстүрлі форматта өткізілді. Енді оқуды бітіріп, аттестат алатын түлектерге арналған рәсімді де солай өткізуге мүмкіндік болады. Ол үшін санитарлық талаптарды сақтауымыз керек», — деді ҚР Білім және ғылым министрі.