CaspainLife, 24 мамыр – Биыл өңірде мешіт салу жұмыстары қарқын алмақ. Индер ауданында іссапармен болған Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысқанұлының сөзінше, аймақта демеушілердің қолдауымен 25 мешіт бой көтереді. Оның 3-і Индер ауданына қарасты Бөдене, Елтай, Өрлік ауылдық округтерінде салынады.
Өрліктегі мешіт құрылысының іргетасын құю жұмыстары басталып та кетті.
«Мұнда Алла қаласа 150-200 адам намаз оқи алады. Заман талабына сәйкес мешіттердің ішіндегі бірегейі болмақ. Мешіт салуға қойылған арнайы талабымыз да бар. Ол жерде мешіт имамының үйі ментахаратханасы болу керек деген. Осының бәрін орындай отырып, демеушілердің, халықтың көмегімен Алла қаласа мешіт құрылысы 1 жылда бітеді деген үлкен үміт бар», — дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
150 адамға шақталған мешіт құрылысына демеушілерден бөлек ауыл зейнеткерлері де қаржы аударған. Және Ауылдағы Қабижан Абақанов атындағы орта мектепті 2001 жылы аяқтаған түлектер 1 млн теңгенің сертификатын табыс етіпті.
«Ауыл тұрғындары, халқымыз өте қуанышты. Мешіт салуға бүгін ауыл жастары қатысып жатыр. Үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Бәріне рахметімізді айтамыз», — деп Индер ауданының тұрғыны Махамбет Көргенов өз қуанышын жасыра алмады.
3000-нан астам адам тұратын Өрлік ауылында соңғы жылдары мешіттен бөлек түрлі әлеуметтік нысандар салынып, бірінен соң бірі ел игілігіне беріліп жатыр.
Ақпарат көзі: CaspianLife