CaspianLife, 11 мамыр — Риддердегі алапат өртке кінәлі деген күдікті ұсталды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Ол журналистерге, «Анықтау жұмыстары ТЖМ құзыретіне кірмейді, бірақ менің білуімше, Ішкі істер министрлігі бір адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол от жаққан. Толық ақпаратты ІІМ-нен сұраңыздар», — деп жауап берген.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Риддер қаласының маңындағы орманда жойқын өрт туралы видео тараған болатын. Оны ШҚО ТЖД мен куәгерлер жолдаған. Бастапқыда өрттен 14 үй зардап шеккені айтылған еді, алайда кейін ол көрсеткіштің 35-ке жеткені анықталды. Төтенше жағдайдан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алып ауруханаға жатқызылған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лесхоз кентінің өрттен зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетуді тапсырды. Ал полиция қызметкерлері соталды тергеуді бастаған.
Фото: ШҚО ТЖД