Араға 5 жыл салып Атырау облысында көктемгі аң аулау қайта жанданбақ.
Наурыздың 14-і мен сәуірдің 4-і аралығында үйректерді аулауға рұқсат берілді. Мамандардың сөзінше, аңшылар тек 15 күн бойы белгіленген жерлерде аулай алады. Бұл аңшылар үшін жағымды жаңалық болды. Соңғы бес жылда көктемде аң аулауға тыйым салынған болатын. Бұған браконьерлердің кесірінен құстар санының азайып кетуі себеп болған еді.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарының бақылауында ауданы 1 млн 600 гектар болатын 6 аңшылық алқап бар. Егер азаматтар арнайы алқапта аң аулау ережелерін бұзса 14 жарым мың теңге айыппұл арқалайды. Ал заңсыз құс атумен айналысқан жандар әр құс басына 5 АЕК болатын соманы төлейді.