Атырауда тұрғын үй бағасы қымбаттады. Былтыр елімізде пәтердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 3,5 процентке өскен.
Ал Ақтаудағы тұрғын үй бағасының 13 процентке өсуі тұрғын үй нарығындағы айтарлықтай рекорд десе де болады. Осылайша, мұндағы пәтердің 1 шаршы метрінің бағасы 217 мың теңгеге жетті.
Екінші орында Орал қаласы, ондағы өсім 8 процентке жуықтап, шаршы метрдің орташа бағасы 246 550 теңге болды, бұл, соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал Атырауда бір шаршы метрдің орташа құны 5 процентке өсіп, 297 мың теңгеге жетті. Бұл да Қазақстан тұрғын үй нарығындағы ең жоғарғы баға.
Қала тұрғындарының айтуынша, тұрғын үй бағасы халықтың орташа жалақысына қарамастан өсуде. Күнделікті шығындарды айтпағанда, ақша жинау мүмкін емес,- дейді олар.
Қарапайым халық тұрғын үй бағасының өсуін негізсіз деп санайды. Дегенмен, мұнайлы астанада тұрғын үйге деген сұраныстың болуы бағаның тұрақты түрде өсуіне әкеліп отыр. Еске сала кетейік, жыл басында ел Президенті өңір басшыларына тұрғын үй багасының өсуіне жол бермеуді тапсырған болатын, бірақ статистикаға қарасақ, бұл тапсырманың орындалмағандығы байқалады. Тек мемлекеттік бағдарламамен берілетін пәтерлердің құны өзгермеген. Ал жеке компаниялар салған жаға тұрғын үйлердегі пәтерлер мен ескі үйлерде қазірдің өзінде баға өскен.